Басты бет > Ақпарат > Жаңалықтар
07.05.2010Ұлы жеңіс күні қарсаңында
Аналарды балаларынан, ағаларды бауырларынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырған соғыстың өлшемі адам өмірімен және тағдырымен бағаланып, өте қымбатқа түскен жеңіспен аяқталғанына 65 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғыс өртін тұтатушы фашистік Германияны жеңуде басты күш халық бірлігінде еді. Бас көтерер ел ұландары жауға аттанды.
Осы соғыста ата-бабаларымыз арын жалау етіп, жанын алау етіп ерлік көрсетіп Отанымызды жау қолынан қорғап қалды.Әлемді оқ пен отқа ораған бұл соғыс адамзат жүрегіне жазылмас жара салды.Бұл шайқаста ажалдан тайсалмай жауға ұмтылған ерлер есімі тарих беттерінде және жас ұрпақтың жүрегінде мәңгіге жазылып, сақталып қалды. Бүгінгі уақытта әрбір бейбіт күніміз үшін,қатары сиреп бара жатқан ардагерлерімізді қадірлеп, бас иіп жүру – біздің парызымыз. Сол себепті, компаниямыздың атынан Алматы қаласының Медеу, Алмалы және Бостандық аудандарында тұратын Ұлы Отан Соғысы ардагерлері мен Еңбек Фронтына қатысушыларды Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай құттықтап қайттық. Кеуделері қуанышқа толы ата-апаларымыз ақ баталарын беріп, ризалығын білдіріп жатты.
